Жанкүйерлер ұшін

Құпия сөз
Логин

Мақалалар » ҚАЗАҚЫ ҚОҢЫР ӘУЕН НЕМЕСЕ ӘЛЕМДІК МУЗЫКА ИНДУСТРИЯСЫНДАҒЫ ДӘСТҮРЛІ АСПАПТАРДЫҢ ТАНЫЛУЫ

ОЖК 786.1(07)

ҚАЗАҚЫ ҚОҢЫР ӘУЕН НЕМЕСЕ ӘЛЕМДІК МУЗЫКА ИНДУСТРИЯСЫНДАҒЫ ДӘСТҮРЛІ АСПАПТАРДЫҢ ТАНЫЛУЫ

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы

Халық музыкасы факультеті, домбыра кафедрасының 1-курс магистранты

Хасанов Мақсат 

 

            Соңғы бір-екі ғасырдағы адамзаттың ғылыми-ақпараттың прогрессі адамзат өмірінде бұрын соңды болмаған  әлемдік жақындасуды, яғни «жаһандану» қозғалысын дүниеге алып келді. Жаһандану ұғымына қоғамда әр түрлі анықтама беріп жатады. Әсіресе әр сала мамандары бұған өз мамандықтары тұрғысынан пікірлер айтқан. Қалай болғанда да жаһандануды қысқаша әлемдік мәдениеттердің өзара пікір алмасуы, әртүрлі қоғамның мәдени-ақпараттық жақындасуы деп тіпті мәдениеті мен экономикасы дамыған мемлекеттердің ғылыми-рухани үстемдігі деп түсіндірсе болады. Аталмыш қозғалыстың адамзат қоғамына пайдасы орасан, әйткенменде кемшілігі яки зияны да жоқ емес. Пайдасы сол, қазір адамдар ара қашықтықтың алшақтығына қарамастан лезде ақпарат алмасады. Мәселен бір құрлықта болып жатқан оқиғадан өзге бір құрлық тұрғындары көзді ашып-жұмғанша хабардар болып отырады. Бұл жетістік өз кезегінде адамдардың мәдени-экономикалық өміріне оң өзгерістер алып келуде. Ал зиянына келетін болсақ, жоғарыда айтқандай жаһандану дамыған мемлекеттің қоғамның рухани һәм экономикалық өмірінде өзіндік бір үстемдікке қол жеткізуі. Бұндай жағдайда руханияты пәс, экономикасы мәз емес немесе халық саны аз елдер сол алпауыттардың аузына жұтылып кетуі айтпаса да түсінікті жәйт. Біздің пікірімізше жаһанданудың осы бір тұсы мәдениет пен руханиятқа айтарлықтай зиянын тигізеді. Осы тұрғыдан алғанда жаһандану ортақ бір игіліктерге немесе ортақ бір рухани құндылықтарда адамдардың бірігуі емес керісінше әлемде қай мемлекеттер ғылыми-экономикалық  дамыған болса сол елдердің қоғамның барлық саласындағы үстемдігі. Мәселен қазіргі қоғамда көп жағдайда адамдар арасында ортақ бір киім үлгісі, ортақ тұтынатын заттардың бірдей болуы, тіпті ішер астың да белгілі бір түрлері ортақ дәстүрге айналған. Бұл үрдіс көбіне үстем елдердің тарапынан қабылданып жатса қалған елдер оны қалыптылыққа балап емін-еркін сіңіріп жатады. Ал «құл» елдердің бұрыннан келе жатқан киім үлгісі тағы басқалары ескілікке баланып немесе «заманға сай емес» деген желеумен мұражайларда ғана қалып қоюда.

Алапат өзгеріс әлемдік музыка өнеріне де өз ықпалын тигізіп келеді. Айталық қазір әлемде қай мемлекет үстемдік құрып тұрса музыка әлемінде де сол елдің музыкасы көш ілгері тұрады. Бұл жағдайдың басталғанына да бірнеше ғасыр өтті. ХІХ-ХХ ғасырлардан бері әлемдік музыка өнерінде Батыс елдерінің ықпалы басым екені байқалады. Солардың туындылары «әлемдік шеберліктің шыңы» танылып келгені жасырын емес. Өзге елдердің музыкасы яки шығармалары мен музыка аспаптары «ескінің көзі» немесе «классикалық туындылармен салыстыруға келмейді» деген желеумен  кейін ысырылды. Тіпті «фольклорлы аспап», «ұлттық музыка» деген аттар да осындай кемсітушілік мақсатта шығарылған десе де болады. Ал «кемшілігі» бар аспаптардың Батыс классикалық туындыларын ойнауға шамасы жетпесе де өз елінің ұлттық бояуын, жанын ұқтырып тұратыны бірде ескерілсе кейде назардан тыс қалып отырды. Қай аспап Батыстың шығармасын ойнауға шамасы келсе сол аспап мақталып өзіндік табиғатын бұзып тұрса да сахнаға жиі шығарылып отырды. Бұл жағдайға өз кезегінде «құлдық сананың әсері» десе де болады.

         Бірақ соңғы ғасырдағы қоғамдағы мәдени-ғылыми жақындық адамзатқа ортақ өлшемдер тудырды.

Өнерде қандай да бір жаңалық болатын болса ол дереу әлемдегі ең мықты сарапшылардың тарапынан сыналып отырады. Бұл өз кезегінде қай салада болмасын дамуға, көркемдікке әкеледі. Жоғарыда жаһанданудың музыка саласына тигізген келеңсіздіктерін атап айтқан болатынбыз. Бірақ сол жаһандану бола турса да соған төтеп беріп әлемдік өзгерістердің жағымды тұстарын сіңіре отырып өзіндік нақышты жоғалтпай да өнерді дамытуға болады.

Шығыс халқы мен батыс халқының ойлау жүйесінде айтарлықтай айырмашылық бар. Оны ғалымдар бірін «вертикалды» ал екіншісін «горизонтальды» ойлау жүйесі деп атап жүр. Яғни Шығыс халқы көбіне музыка саласында аспапты дамыту немесе шығарманы күрделендіруден гөрі сол дүниелерді сол қалпында еш бұзбай өзгеріссіз қалдыруға бейім. Сондықтанда біз қазір Шығыс халқының ертедегі шығармаларының, аспаптарының қандай болғанын қатты ерекшеліксіз тани аламыз. Ал Батыс елдерінде көбінде бір орында тұрмай дами беру үрдісі байқалады. Қазіргі Батыс музыка тарихында аспап та, шығарма да, жанр да дамудың бірнеше кезеңінен өтті. Соның әсерінен музыка саласы да бұрын соңды болмаған жаңалықтарымен елең еткізеді. Батыс елдерінде дамыған музыканың алуан түрлі сатысы қазір әлем халқының барлығында да бар. Классикалық музыканың даму сатысын былай қойғанда Батыста жанрда сан алуан түрге баий түсті. Соның ішінде эстрада өнері ерекше көзге түседі. Атап айтар болсақ – блюз, джаз, рок, поп-рок, т.б.

Сонымен қатар музыкалық аспаптар да  түрленіп дамып кетті. Оған қарапайым аккустикалық гитара мен электронды гитараны мысалға келтірсек жетіп жатыр.

Бұл өзгерістерді әлем жұртшылығы бірдей қабылдап жатты. Батыс аспаптарын меңгерді, сол аспапта сол Батыстық шығармалар ойналды, ал кейде ұлттық шығармаларын сол аспапқа лайықтап жазып бір ұлттың өз аспаптары «көненің сарқыншағы» есептеліп екінші сатыға түсіп қалды.

Осындай жағдайда қалай ұлттық аспаптарды, шығармаларды дамытуға болады? Қайтсек оларды жоғарғы тұғырға көтереміз?

Қазір эстрада жанры да қатты дамыған. Оның үстіне жастардың дені де сол эстраданы көп тыңдайды. Ұлттық музыканы да сол арқылы насихаттауға болама? Болса ол үшін не істеуіміз керек? Ол іске асқан жағдайда оның пайдасы қаншалықты зор?

Әлемдік музыка саласындағы өлшемдерді ала отырып өзіндік ерекшелікпен ұлттық музыканың табиғатын бұзбай жарыққа шығаруға болама? Және сөйткен жағдайда ұлттық өнердің атадан мұра боп келе жатқан дәстүрінің жайы не болмақ? Міне осылар қазіргі ұлттық музыка өнерін дамытуда, насихаттаудағы белгілі мәлелердің бірі.

Ал ендігі кезекте қазақ музыка тарихындағы ұлттық музыканы дамытудағы біздің ғалымдарымыздың жасаған істеріне бір шолу жасап көрелік.

ХХ ғасырдың басында Қазақстан Ресейдің құрамында болған кезде еліміздің дені Ленинград, Москва оқу орындарында оқыды. Музыка саласында да сондай түлектер елімізге кәсиби біліммен келіп музыка саласында тың жаңалықтар әкелді. Сондай азаматтардың бірі Ахмет Қуанұлы Жұбанов. Ол музыка саласындағы ең алғаш кәсіби маман атанған қазақ ғалымдарының бірі. «Консерватория оқып жүрген кезінде А.Жұбанов қазақ тілінде алғашқы еңбегін жазады. Ол еңбегі «Музыка сауатының әліппесі» деп аталады»[1, 8б]. Оның қазақ музыкасын дамытудағы алғашқы әрекеті сол бір еңбектен басталған еді. Кейін келе А.Жұбанов Ленинградта оқып жүргенінде орыс халық аспаптарымен танысып, сол оркестрдің шығармашылығына қызығады. Жан-жақты байыған, әрі күрделі шығармаларды оңай орындай алатын сол оркестр кейін А.Жұбановтың қазақ халық аспаптар оркестірін құруға түрткі болады. Бұл жайлы Ғ.Мүсірепов А.Жұбанов жайындағы бір мақаласында былай деген: «Мен Ахмет Қуанұлының көп дауысты ұлттық оркестрді құруы ең елеулі, сонымен қатар тарихи еңбек деп санаймын»[1, 18б]. Қазақ аспаптарының Европа өлшеміне сәйкестендірілуі, диапазондарының кеңейуі тағы басқа өзгерістер сол оркестрдің құрылуымен жүзеге асады. Бұл өз ретінде қазақ музыка өнері тарихында аса зор жаңалық болды. Домбыра аспабының ішегі мал ішегінен желкіге ауыстырылды, ноталық жүйеге түсіп ішек ноталары «соль-ре» бұрауына келді және бұрын соңды Қазақстан аумағында домбыралардың формасы, пернесі алуан түрлі болатын болса, (Батыс Қазақстан үлгісі, Орталық және Шығыс Қазақстан үлгісі, Оңтүстік және Жетісу өңірінің үлгісі) [2, 36-37бб] енді жалпыға бірдей деп Батыс Қазақстандық домбыра үлгісі таңдап алынды. Ал қобызға келетін болсақ бұрынғы қыл ішекті қобыздың қатарына сым ішекті прима қобыз қосылып оркестр биік дыбыстар ойнауға қол жеткізді. Ал сыбызғының орнын ол кезде флейта иемденген болатын. Бірақ кейін сыбызғы да өз дамуына қол жеткізді. Ағаш сыбызғы, жез сыбызғы[2, 72-73бб].

Тағы айта кететіні домбыра мен қобыздың оркестрге лайықталып бас, альт, контрабас түрлері де жасалды. Бұл қазақ аспаптарының әлемдік стандартқа сәйкестендірілуі тұрғысынан жаңалық болды. Әдетте бұндай қадамға бару үшін мына бір жайттарды ескеру керек:

– Өзгеріс енгізілген аспаптың сыртқы формасы бұрынғы формасынан қатты ерекшеленбеуі керек;

– Сондай-ақ оның дыбысы да, ойналу техникасы да бұрынғы түрінен ауытқып кетпегені дұрыс;

– Ондай өзгеріс енгізілген аспапта орындаушы алдымен сол аспаптың кәдімгі түріндегі шығармалармен етене таныс болуы шарт. Әрі сол елдің ұлттық музыкасынан да хабардар болғаны абзал.

А.Жұбанов жасаған реформада жоғарыда айтылған шарттар толығымен сақталған. Мысалы, бұл прима-қобызда бұрыннан қалыптасқан тырнақтың сыртымен, көбесімен ойнау әдісі сақталды. Бұл дүниежүзінің ешқандай аспабында қолданылмайды[2, 65б].

Сөйтіп қазақ музыкасы өзіндік дамуда бір белеске көтерілді. Бұндай жетілдірілген аспап оркестрде болсын немесе жеке де болсын Еуропалық шығармаларды емін-еркін орындай алатын болды әрі қазақы қоңыр әуенді колоридтен де алыстап кетпеді. Бұл қадам әлемдік дамуда руханияты мығым ел болып ғаламдық өзгерістерге сол өзгерістерді түгелдей сіңіріп алмай, өзіндік ұлттық нақышпен жауап берді. Содан бері қазақ музыкасы әлемде қандай өзгеріс болса, сол көштен қалмай даму үстінде. Әрине қазақ дәстүрлі өнері бұндай әрекеттерде кемшін қалмады. Дәстүрлі музыкада өзіндік дамумен ел арасында насихатталуы тоқырамайды.

А.Жұбановтардан кейін де консерватория төңірегінде жоғарыда аталған аспаптар фортепианоның сүйемелдеуімен де өз репертуарларын байыта түсті. Домбыра аспабымен оркестрде соло яғни жеке дауыста шығармалар ойнала бастады. Қысқасын айтқанда аспаптану саласы зерттеліп сол салада біраз тер төгілгеннен кейін оның даму жолы бір арнаға түсті.

Бертін келе музыка өнерінде эстрада жанры көп ауызға іліге бастады. Тіпті өзге музыка салалары формальды түрде дами бергенмен оның тыңдаушылары күрт сиреп қалды. Халықтың дені эстраданы тыңдауға көшкен еді. Бұл кезде көп аспаптарда сол эстрадаға бейім келіп осы жанрда да қолданыла бастады. Мысалы, скрипка, флейта т.б. Ал ең елең еткізерлік жағдай сол эстрада сахнасында электроны гитаралар өзімен бірге рок-н-рол, рок жанрларын дүниеге әкелді. Және музыка үлкен бизнестік күшке айналды. Бұл әрине музыканың дамуы тұрғысынан таңғалысты нәрсе емес. Сонымен сайып келгенде жаңа заман жаңа дәуір музыка саласына да көп әсерін тигізді. Музыка әлемінде түрлі жанрлар, түрлі аспаптар пайда болып әрқайсысының өз тыңдарманы мен даму жолы қалыптасты.

Осы орайда еліміздің музыка әлемінде жоғарыда айтылған түрлі шешімі күрделі мәселелер бой көтере бастады. Халықтың басым бөлігі шетелдік музыканың, шетелдік музыкалық аспаптарының жанкүйеріне айналып үлгерді. Дәстүрлі музыканың тыңдарман шеңбері азайып, өзінің дамуы бәсеңдегендей болды. Осындай жағдайда қандай іс-әрекетке бару керек? Елді қалай болғанда дәстүрлі ұлттық музыкаға назарын қайта аударта аламыз?

Алғашында домбыралар ақырындап эстрадаға бейімделе бастады. 90-жылдардан бері ДЭККО (домбыра, эстрада, күй, компьютер, орындаушы) ойлап табылды. Одан кейін сол аспаптарға қосымша микрофон жалғана бастады. Бұл олардың үлкен аудиторияларда дыбысын күшейтуге жол ашты. Сонымен қазақтың қара домбырасы өзіндік дамудың бір сатысына көтерілді. Негізі сайып келгенде, бұндай өзгерістер «біз шетелдік музыканы мәңгүрттерше әй-шәй жоқ қабылдай бермейік, біз заманымыздың ерекше мүмкіндіктерін еркін игере отырып, ұлттық нақыштағы өзіндік дүниелермен халыққа өздеріне жақын дүниелерді ұсынайық» деген ниеттен туындаған.

Қайткенмен де әлемдік дамудан ешқандай ел бейтараптана алмайды. Өркениет дами береді, жаһандану жалғаса бермек. Мәселе сол ұлы көшке біз қалай ілесетінімізде және сол өркениет дамуына біз қандай үлес қоса алатындығымызда. Бұл жерде өзіміздің ұлттылығымызды сақтай отырып әрекет қылу өте маңызды.

Тақырыпты ашу үшін біз домбыра аспабын ортақ бір мысалға алып отырмыз. Қазақтың қара домбырасы сонау Ахаңдардың (А.Жұбанов) тұсында өзгеріске ұшыраған болатын. Бертін келе домбыра эстрадаға да бейімделіп ДЭККО жанры пайда болған. Бұл жаңалықтарға да «ұлттық бояуды құртты» деген сындар тағылып жатты. Дегенмен ол жаңалықтар дәстүрлі музыка майталмандары тұрғысынан асалғандықтан ұлттық колоридтен тым алыстай қойған жоқ.

Домбыра аспабының даму жолында жұртты елең еткізген тағы бір жаңалық ол домбыраның электронды нұсқасы болып табылады. Бұл аспап соңғы жылдары ойналып келеді. Және алғашқы бастама болғандықтан эксперимент ретінде шығарылды. Аспапты жасап ең алғаш сахнаға алып шыққан өнерпаздар оның ішегінің сымнан жасалғанына қарамастан ойнау техникасы мен тембіріне айтарлықтай өзгеріс енгізе қоймаған. Оны осы аспапты ойлап шығарған «ALDASPAN» этно-рок тобының жетекшісі Тойшы Н. былай дейді: «... «соль-ре» күйінде аспаптың дыбысы өте жіңішкеріп кетті. Сондықтан кішкене түсірдік. Қазіргі домбыраларына қарағанда, біздің домбыра (электронды домбыра) қазақтың байырғы нағыз домбырасының күйіне жақын келеді ғой деп ойлаймын»[3, 37б].

Мақаламыздан белгілі болғандай домбыра 4 даму кезеңінен өтті десек болады:

 

– Домбараның дәстүрлі үлгісі (Бұл домбыралар әр өңірде әртүрлі формада болған);

– Домбыраның оркестрге лайықталған түрі;

– Домбыраның эстрадаға лайықталған түрі;

       Домбыраның электронды нұсқасы.

 

Кейбір бір жақты пікірді ұстанатын сыншылар домбыраны жетілдіру арқылы оның дәстүрлі орындау өнері кемшін қап кетеді дейді. Ол орынды пікір. Десек те, домбыраның кейінгі нұсқалары шықпай тұрып та домбыра өзінің дәстүрлі орындалу әдістерінен шатасып қала жаздады. Бұған эстраданың және домбраның фортепианоның сүйемелдеуінде шетел шығармаларының ойналуының әсері де көп.

Осы жерде баса айта кететін жәйт қазіргі музыкалық білім беру орындарында ұлттық аспаптарға қатысты 2 бөлім ашу өте орынды деп есептеймін. Бірі аспаптардың дәстүрлі орындаушылық мектептерінен сабақ жүргізеді. Бұл арнайы мамандар тарапынан қайта қолға алынып зерттеліп түрлі дәстүрлі мектептердің ерекшеліктерімен таныстыруы керек. Бұл жерде аспаптану мен орындаушылық саласы көлемді зерттеулерге барып, ортақ бір білім беру жүйесін қалыптастыруы керек. Оқушы бұл салада дәстүрлі формадағы аспаппен көне сарындағы дәстүрлі орындаушылық өнерді меңгерген болуы керек.

Ал, екіншісіне келетін болсақ, ол аспаптардың дамыған түрінен дәріс жүргізсін. Қазіргі заманның толық мүмкіншіліктерін пайдалана отырып, білім алушыға академиялық деңгейде жоғарғы шеберлікті меңгерту жолға қойылуы керек. Бұл саладағы талапкер жетілдірілген аспаппен түрлі күрделі шығармаларды академиялық дәрежеде меңгеруі тиіс. Біздер осылай жасаған кезде ғана дәстүр мен жаңашылдықтың ара-жігін ажыратып, даму мен дәстүрді қатар алып жүре аламыз.

Жоғарыда аталып өткен домбыраның жетілдірілген нұсқасы өз кезегінде әлемдік аспаптардан кем түспейді. Заманауи түрге енген бұл аспаптардың ерекшеліктері мен пайдасын төмендегіше санап көрелік:

 

– Біріншіден, бұл аспаппен түрлі деңгейдегі кез-келген күрделі шығармаларды емін-еркін ойнауға болады;

– Аспапта ойнау техникасы дәстүрлі орындаушылық стильден көп ауытқи қоймаған.

Дыбысы ұлттық колоридтен алыс емес;

– Арнайы дыбыс күшейткіш құрылғымен дыбыс күші күшейіп, үлкен аудиторияларға концерт беруге жарамды (дәстүрлі аспаптардың ондайға шамасы көп жағдайда келе бермейді);

– Бұл аспап шетелдік аспаптармен терезе теңестіріп, олардың орнын алмастыра алады;

       Бұл аспапта ұлттық нақыштағы шығармаларды көп ойнау арқылы ұлттық музыкамызды осы арқылы насихаттау мүмкіндігі де зор.

 

Бұл аспаптар Батыс ықпалын азайтып сол елдердегі музыка саласындағы жақсы жаңалықтарды сіңіре отырып оларға өзіндік бір ерекшелікпен қарсы тұра алады. Бірақ бұл аспапта ойнамас бұрын мына бір мәселенің басын ашып алғанымыз дұрыс. Аспаптың жетілген түрін ойнаушы адам сол аспапта бұрын соңды қалыптасқан дәстүрлі орындаушылық өнерден мол хабардар болуы керек.

Ұлттық аспаптардың зерттелуі соңғы жылдарда қолға алына бастады. Ал оның әлемдік музыка индустриясындағы орны мен соған қосар үлесі – өзінің зерттеушісін күтіп жатқан тың тақырыптардың бірі. Біз бұл мақаламызда ұлттық аспаптарымыздың даму жолын және осы жолда ескеретін кейбір жәйттарға ғана тоқталып өттік. Олардың әлемдік сахнада алатын орны, ұлттық музыканы насихаттаудағы күші тағы да басқа мәселелер алдағы көлемді зерттеулерге арқау болады.

Қорыта айтар болсақ, егер де дәстүрлі музыка өнері мен аспаптың даму жолының ара-жігі ажыратылатын болса, ұлттық музыкамыз дәстүрмен де, заманға сай өз жолымен де дами бермек. Ал жетілген аспаптар ұлттық нақышты сақтай отырып әлемдік сахнада ұлтымызды танытатын болады. Әрі бұл өскелең ұрпаққа ұлттық музыканы таныстырып бойларына сіңіруге де айтарлықтай үлес қосады деп сенеміз.