Жанкүйерлер ұшін

Құпия сөз
Логин

Композиторы и поэты

Дәулеткерей Шығайұлы

Дәулеткерей Шығайұлы 1820 жылдар шамасында қазіргі Орал облысының Орда ауданында ауқатты отбасында дүниеге келген. Әкесі Шығай да, Бөкей ордасының ханы Жәңгір де оны бала жасынан ел билеуге, төрелік салтанат құруға тәрбиелеген. Алғашқы уақытта ол сол елдегі жеке-жеке руларды басқарып көреді. Бірақ билікте жүрген адамның амалсыздан қатігез болатынын ол нәзік жүрегімен ерте түсінеді. Туысы Жәңгір ханның қарапайым қазақтардың жерін тартып алып, шұрайлы, өзен-сулы жайылымдарды, қыстауларды кең даламызға бойлай еніп келе жатқан орыс отаршылдарына беруі Дәулеткерейдің де ызасын келтірген. Тікелей қатыспаса да XIX ғасырдың орта тұсындағы Исатай, Махамбет көтерілісіне тілектес болған деген дерек те бар. Мұны оның "Жігер" атты күйінен байқауға болады.

Атақты музыка зерттеушісі, академик Ахмет Жұбановтың айтуына қарағанда, Дәулеткерейдің туған жиені, Кеңес өкіметінің тұсында өмір сүрген Науша Бөкейханов күйшінің елу шақты күйін тартады екен. Даңқты сазгер туралы, құнды деректер берген де сол кісі көрінеді. Дәулеткерей бала кезінде молдадан оқып, мұсылманша хат таныған. Ресейде білім алып, кейін генерал дәрежесіне дейін жеткен хан Жәңгір Ордада балалардың орысша білім алуына да жағдай туғызыпты. Дәулеткерей орысша үйреніп, оқи да, жаза да алатын болған. Кішкентайынан-ақ оқымысты бала атанған. Домбыраны тамаша орындаушы Мүсірәлі деген күйшіден шеберлікті үйренген. Оның үстіне сұлтандардың қысқы мекеніне айналған Ордаға қырқыншы жылдардың бас кезінде Саратовтан драма және эстрада артистері шақырылады екен. Дәулеткерей орыс және Еуропа музыкасымен жастайынан танысқан деген жорамал бар. Ол орыстың балалайкасында шебер ойнапты. Сондай-ақ гитара мен мандолинаны да тарта білген. 1854 жылы француз саяхатшысы Паули сызған суреттің нобайымен Чередеев салған акварельде күй тартып отырған Дәулеткерей, одан басқа да аспаптарда орындаушылар бейнеленген. Ең қызығы - ортада билеп жүрген еркек бейнесі бар.

Оның алғашқы шығармаларының бірі "Ақжелең". Бұл күй Ақбала деген өнерлі де сұлу қызға арналған.

Дәулеткерейдің "Қоңыр", "Желдірме", "Керілме", "Ысқырма", "Қосішек" дейтін күйлері тіршілік-тұрмыстағы әр алуан көріністерді бейнелейді. "Жұмабике" деген күйінің тарихы былай: ол кезде қыздар кішкентайынан өзі білмейтін біреуге атастырылатын салт болған. Кейін бойжеткенде, өзі сүймесе де, сол жігітке ұзатылуға тиіс. Бұған наразы жігерлі қыздар Уақытша кеңес дейтін билігі бар мекемелерге арыз айтып баратын болған. Қыз сөзі расталып, шындықтың бет пердесі ашылса, азаттық алады екен. Міне, асқан әнші, ақындық өнері рулы елге ерте танылған, өз талабымен еркіндік алған Жұмабике деген қызға ризалық сезімін Дәулеткерей күй арқылы жеткізген.

1855 жылы Екінші Александр патшаның таққа отырып, тәж кию салтанатына қатысқан өкілдердің ішінде Дәулеткерей де бар еді. Оны делегация құрамына кіргізудегі мақсат - бірте-бірте ел басқару тәртібін үйрене берсін дегендік еді. Бірақ ол патша колонизаторларының сарайымен емес, озық ойлы Ресеймен, Пушкин елімен танысуға келген. Ол осы сапардан көрмегенін көріп, естімегенін өз құлағымен естіп қайтады. Еуропа сазгерлерінің оркестр ойнаған шығармаларын тыңдайды. Өзі өлең жазбаса да поэзияны жүрегімен түсінетін күйші екі жылдан кейін Пушкинге, ақынның өзі оқыған лицей жанынан ескерткіш қоюға Бөкей ордасынан қаржы жиналған кезде, бірінші болып өз үлесін қосқан.

Дәулеткерей 1861 жылы Қызылқұрт елінің билеушісі боп тағайындалған соң, бір жылдан кейін күй атасы Құрманғазымен кездескен. "Дәулеткерейдің Құрманғазымен әңгімелесіп, халық дәстүрі үлгісіндегі басқа да домбырашыларды көріп тануы, оның музыкалық творчествосына қатты әсер етеді", - деп жазады академик Ахмет Жұбанов. Құрманғазы және оның шәкірттерінің ең үздік музыкалық шығармалары дауылдатқан екпінімен, тастай тегеурінділігімен, өршіл батылдығы, кең тыныстылығымен ерекшеленеді.

Дәулеткерейдің халық тағдырын, елдің еркіндікке ұмтылу сезімін бейнелеген "Топан", "Жігер" атты күйлері тегеурінділігімен қоса тақсірет көрген ержүрек адамның салмақты, салиқалы тебіреніс-толғанысын бейнелейді. "Жігер" туралы Затаевич былай деп жазған:

"Бұл күй - дыбыстық мүмкіндігі аз домбыраның тар көмейіне сыймай, тасып жатқан терең де мол, көтеріңкі лептегі мән-маңызы зор шығарма".

XIX ғасырдың жетпісінші жылдары қайтыс болған Дәулеткерей, ұзақ уақыт өмір сүрмесе де артына өлмес, өшпес мұра қалдырып кеткен ұлы күйшілердің бірі.

 

Тілепбергенұлы Қазанғап

Тілепбергенұлы Қазанғап (1854-1927) – қазақтың әйгілі күйші-композиторы. Туып-өскен жері – Арал көлінің жағасы, Құланды түбегінің Ақбауыр деген жері. Топырақ бұйырған жері – сол Ақбауыр маңы, Айшуақ ауылының іргесі. Шыққан тегі – Ұлы жүз құрамындағы байырғы тайпалардың бірі - Шанышқылы. Шежіре дерегі бойынша, Ұлы жүз Ақарыстан тараған ұрпақтың бірі Кейкі би, одан Төбей туған. Төбейден Майқы, Қоғам, Мекіре, Құйылдар деген төрт ұл туады. Осылардың Қоғамынан Қаңлы мен Шанышқылы туған. Шанышқылыдан Қорбақа, Дархан, Қырықсадақ, Бектау деген төрт ұл туады. Осылардың ішіндегі Қырықсадақтан Қазанғаптың аталары өрбіген.

Кіші жүздің Ресейге бодан болуы ел ішіндегі әлеуметтік-саяси құрылымға ертерек өзгеріс енгізіп, бұрынғы ру аралық пәтуә-бірлік шырқының ертерек бұзылуына себепші болды. Әрідегі Сырым батыр, онан соң Исатай мен Махамбет бастаған жойқын көтерілістер, берідегі Бекет батыр бастаған көтеріліс Қазанғаптың жөргектен құлағына сіңісті болған, қала берді көзі көрген заманалық тауқымет айғағы болатын.

Бойы өсіп, бұғанасы қатып үлгермей-ақ Қазанғаптың маңдайына қойшылық өмір бұйырған. Қой соңында өткізген он жылда ол домбыраны жан серігі етіп, өзінің сезім-түйсігін күй тілінде сыртқа шығаруды машық етеді. Содан, оң-солын тани бастағанда күйге біржола өмірін арнамақ болып, әке-шешесінен рұқсат алады. Доңызтау-Аққолқада – Төреш, Бесқалада – Орынбай, Құрманияз, Орынборда – Үсен төре сияқты әйгілі домбырашылармен кездеседі. Арал алабын, Үстірт, Маңғыстау аймағын, Ақтөбе, Ырғыз, Қостанай, Троицк, Орынбор төңірегін шарлап, ел ішіндегі күй сарындарын көкірегін армансыз сіңіреді. Небір додалы күй сайыстарына түсіп, өнерін шыңдайды. Мұның бәрі Қазанғап бойындағы тегеурінді дарынның жарқырай көрінуіне, шабыт тұғыры болуына себепші болады.

Қазанғап қарақалпақтар ортасында болған кезінде Балжан деген қызбен көңіл жарастырып, бас құрауға уәде байласады. Алайда, жоқ-жітік тірлік кешкен қарт әке-шешенің жағдайымен Қазанғап уәделі уақытта Балжанға келе алмайды. Кейін тағдыр айдап, тұрмысқа шыққан Балжанға келе алмайды. Сонда Балжан: «Қазанғап аға, тағдырдың бұйрығы осылай болды. Менде жазық жоқ, сағынышты серік етіп, уәделі мерзімді екі еселеп күтіп-ақ едім. Уәдеде тұра алмаған айып-шамыңызға өмір бойы маған күй арнап өтіңіз!» – деп, ашық мінезбен ағынан жарылады.

Қазанғап адалдық пен сұлулық айғағындай Балжан аруды өмір бойы күй арқауы, шабыт тұғыры етіп өткен. Қазанғап шығарған күйлердің ішінде Балжанға арналған күйлер циклі қазақ күй өнерінің ең бір шуақты шоғырына жатады.

Жалпы, Қазанғап эпикалық күйші. Оның күйлері қазақтың өткеніне де, бүгініне де, болашағына да терең бойлайды. Қазанғап күйлері халық тарихының артта қалған алмағайып кезеңі туралы «Ноғайлы босқыны» деп, он алтыншы жылғы патша жарлығын жарадай сезіне отырып «Жұртта қалған», «Окоп» деп күңіренеді. Қазан төңкерісінен кейінгі ел өмірінің түбірлі өзгерістерін ұлы көшке теңеп «Қызыл керуен» деп бебеулейді. Ал, «Майда қоңыр», «Учитель», «Өтті-ау дүние», «Кекіл» сияқты күйлері өмірдің мәні мен сәні туралы, бүгін мен болашақтың қамы туралы таусыла толғанады.

Қазанғаптың күйшілік болмысына ден қойғанда, оны да ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ халқының рухани әлемінде көрініс тапқан антиутопиялық ағымның, кертолғау сарынының, зар заман тақырыбының аса дарынды өкілі деп аныған жөн.

 

Күмісбеков Кенжебек (1927-1987)

Композитор, ҚазССР-нің халық артисі, ҚазССР-нің өнер қайраткері, ҚазССР-нің Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор. Музыкалық білімді Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында алған, ол алғашында вокальды факультетте, кейін доцент Қ. А. Мұхитовтың домбыра класы бойынша халық аспаптар факультетінде оқиды. 1965 ж. профессор Е. Г. Брусиловскийдің композиция класы бойынша консерваторияны екінші рет бітіреді. Халық музыкасының үлгілерін жете меңгеріп, кәсіби композиторлық техниканы игеруі – Күмісбеков шығармашылығының негізгі бағыттарын анықтады. "Ықылас туралы поэма", "Қорқыт туралы аңыз", "Ой толқыны", "Дала сыры", "Фараби сазы", "Шалқыма" сияқты оркестрлік поэмалары композитордың халықтық – эпикалық бағыттағы әуен ерекшелігін көрсетеді.

 

Құрманғазы Сағырбайұлы

Қазақ елі өз жерінің қазына-байлығымен ғана емес, әлемді аузына қаратқан атақты талант иелерімен де белгілі. Елді өзінің өзгеше өнерімен оятқан жасампаз күйші Құрманғазы Сағырбайұлы болды. Ол ХІХ ғасырдың басында, Батыс Қазақстан өңірінде, Орал облысы, Жанғали ауданының Жиделі елді мекенінде, кедей шаруа отбасында дүниеге келді.

Құрманғазыны күй өнеріне баулыған және оның ұстазы болған Ұзақ күйші еді. Құрманғазы жастайынан домбыра шертіп, көпшіліктің ілтипатына бөленді. Күйшінің шығармашылық табыстарға қол жеткізіп, өрлеуіне Бөкей ордасының Байжұма, Баламайсан, Байбақты, Соқыр Есжан сынды атақты күйшілері үлкен ықпал еткен. Олардан тәлім алып өскен Құрманғазы қазақ халқының ұлы сазгері атанды.

Құрманғазының күйлері қазақ елі өмірінің әлеуметтік жыр-сыры, азаткерлік рух ұраншысы іспетті. Ұлттық тарихымыздың әуен тілінде жазылған ұлы эпопеясы деуге болатындай. Күйші шығармашылығындағы өзекті мәселелер - халықтың азаттығы мен жеке тұлға бостандығы. Өз туындыларында ХІХ ғасырдың 30-жылдары Исатай Тайманұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске ерекше назар аударған. Құрманғазы бұл көтеріліске өзінің алғашқы туындыларының бірі "Кішкентай" күйін арнаған. Одан кейінгі "Ақбай", "Ақсақ киік", "Түрмеден қашқан", "Адай" күйлерінде ол халықтың азаттықты көксеген арманын, әділетсіздікке қарсылықты, қоғамдық мүдделердің өзара қақтығысын білдіреді. Құрманғазы туындыларында қоғам мен адамның арақатынасындағы айрықша әлеуметтік-психологиялық жағдайлар бейнеленеді.

Оның "Аман бол, шешем, аман бол", "Қайран шешем", "Ертең кетем", "Бұқтым-бұқтым" деген күйлерінде адам даусының ырғағы айқын берілген.

Құрманғазының ойнақы, мерекелік көңіл күйді білдіретін би ырғағымен жазылған күйлері ("Балбырауын", "Әсем") де бар.

Құрманғазы Сағырбайұлы бірнеше мәрте түрмеге де қамалған, алайда халықтың азаттығы жолындағы күрескер сазгердің рухы ешқашан түспеген. Ол Орал, Орынборда, Үркіт түрмелерінде де отырған. Қуғын-сүргін мен сергелдеңге түскен күйші халықтың тәуелсіздік пен бостандық туралы терең ой-толғамын бейнелеген. "Алатау" және "Сарыарқа" күйлерін дүниеге келтірген.

1880 жылы Астрахань түбіндегі Сақма елді мекеніне қоныс аударады. Қауым арасында ерекше құрметке бөленген Құрманғазы Д. Нұрпейісова, Е. Есжанов, М. Сүлейменов сынды мирасқорларын жинайды. Сол дәуірде әйгілі болған Көкбала, Менетай, Менқара, Сүгірәлі, Торғайбай, Шора сынды домбыра тарту шеберлері Құрманғазыны ұстаз тұтқан.

"Байжұма", "Бозқоңыр" туындылары да Сағырбайұлының асқан өнерпаз күйші екенін білдіреді. Құрманғазы өз күйлері арқылы орындаушылық өнердің ерекше дарыны мен бірегей әуен тілін паш етті. "Итог" атты күйінде күйші ауыр да азапты өмір жолының қорытындысын айқын бейнелейді. Сазгер шығармашылығында әуендік жанрдың лирика, халық тарихын баяндау, адамның табиғаттан, қоршаған ортадан алған әсері сияқты арналары айрықша орын алады.

Құрманғазының күйлері қазақ халқы шығармашылығында аса маңызды тарихи орын алады. Ол өз туындылары арқылы халқымыздың мәдени дамуына қомақты үлес қосты.
Құрманғазы күйлері Қазақстан сазгерлерінің шығармашылығынан кең орын алды. Республика сазгерлері күйшінің күйлерін, үлкенді-кішілі шығармаларында пайдаланды. Би де қойылды, спектакльдер де, кинофильмдер де, хор музыкасы болып та пайдаланды.

Ә. Тәжібаев хорға арналған "Көбік шашқан", "Қайран шешем" күйлеріне сөз жазса, композиторлар Е. Брусиловский, А. Зильбер, Ғ. Жұбанова, Л. Хамиди, М. Қойшыбаевтар өздерінің симфониялары мен операларында күйшінің шығармаларын кеңінен пайдаланды.

Көптеген оқу орындарының, музыкалық ұжымдардың, аудандардың, көшелердің аттары Құрманғазы есімімен аталады.

 

Момбеков Төлеген

Төлеген Момбеков 1919 жылы Қаратау баурайындағы Қозмолдақ деген ауылда туып-өскен. Киелі өнердің бастауы арғы аталарынан басталады. Арғы атасы Қожамжар мен Назар әділ билік айтқан шешен болса, Қайдау атасы бүкіл Орта жүзге әйгілі айтыскер ақын, ал Бапыш атасы - аң аулап, құс салып, серілік құрумен бірге, асқан күйші болған адам.

Төлегеннің Жәнібек деген ағасы, Күнтай деген апасы да керемет ақын болыпты. Төлегеннің өзіне домбыра дарыған. Төлеген Момбеков есімінің халқымызға кең тарап, төл күйлерінің халықтық рухани кәдеге айналуына көптеген ақын-жазушылар атсалысқан. Бұл орайда Сәбит Мұқанов, Асқар Тоқмағамбетов, Тәкен Әлімқұлов, Төлеген Тоқбергенов, Рахманқұл Бердібаев, Ақселеу Сейдімбековтердің еңбегі ерекше болды.

1965 жылы Асқар Тоқмағамбетовтің алпыс жылдық мерейтойына байланысты Сыр бойына сапар шеккен Сәбең жолшыбай Созақта да болады. Сол кездегі аупарткомның бірінші хатшысы Төлепберген Назарбеков Сәбеңнің құрметіне Созақ ауданының әр жеріндегі күйшілерді тегіс жинатады. Олардың ішінде Төлеген Момбеков, Файзолла Үрмізов, Ергентай Борсабаев болады. Сәбең оларға бірнеше күйден тартқызады. Осылардың ішінен Төлеген шерткен шертпе күйге қатты қызығып: «Мұндай дарынды республика көлеміне таныту қажет» деп шешеді. Сөйтіп, Төлеген күйлерін магнитофон таспасына жазып алып, Алматыға ала келеді. Көп ұзамай Созақ ауданының басшылығына М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына Төлеген Момбековті іссапарға жіберу туралы Алматыдан арнайы хат келеді. Ол кезде Төлеген ауылда Құлжабай Төлеуов, Көпбай Омаров сияқты ақындармен бірге жүріп, автоклуб меңгерушісі болып жұмыс істейді. Алматыға келген сол сапарында Төкең грампластинкаға атасы Бапыштың, Сүгірдің және өз шығармаларынан бас-аяғы он екі күй жаздыртады және теледидарда бірер күй орындайды. Сол кезде теледидар қарап отырған Нұрғиса Тілендиев: «Мына қақпас қайдан шықты?!» деп, атып тұрған екен дейді. «Талантты талант қана таниды» деген сол. Нұрғиса Төлегеннің шертісіне сол бойы құлап түсіп, Алматыға келген сайын өзі қарсы алып, қонақүйге орналастырып, оң жағынан орын берген.

Төлегеннің 1969 жылы Алматыға келген сол алғашқы сапарында-ақ «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде Төлегеннің өмірі мен шығармашылығы жөнінде мақалалар жарияланады. Әдебиет және өнер институтының қорына Төлеген білетін күйлер толық жазылып алынады. Бас-аяғы бір аптаның ішінде кешегі ауыл домбырашысы республика көлемінде танымал болады.

Төлеген турасында белгілі күйшілер әрі өнер зерттеушілері: Уәли Бекенов, Жарқын Шәкәрім, Біләл Ысқақовтар қалам тербеген. Төлегеннің ұстазы, Қаратау күй мектебінің ұшар басында тұрған Сүгір Әлиұлы 1961 жылы қайтыс болған. Өкініштісі, Сүгірдің өзінің орындауында бірде-бір күйі таспаға жазылып алынбаған. Көзі тірі кезінде күйлері нотаға да түспеген. Жазушы Мұхтар Әуезов, Үкімет басшысы Нұртас Оңдасынов іздеп барып, Алматыға шақырғанмен, реті келмеген. Ол кез - кеңестік «уралаудың» асқынып тұрған шағы, шертпе күйдің шетқақпай көрген заманы. Күйдің де, күйшінің де қадірі қашқан кез. Сүгірдің «Жолаушының жолды қоңыры», «Шалқыма», «Бесжорға», «Кертолғау» күйлері Төлегеннің орындауының арқасында халыққа жетті. Сүгірдің тартысы құлағында қалған көне көз қарттардың айтуынша, Сүгірдің «Бозінген» күйі бізге тура өз нұсқасында жетпеген. Төлегеннің де «Бозінгеннің бүлкілі» деген күйі бар. Зерттеушілердің айтуынша, бұл екеуі екі бөлек күй. Төлеген әуелгі нұсқаны өзінше жетілтіп, басқаша құлпыртып, дамытып әкеткен. Атақты күйші Қаршыға Ахмедияровтың айтуынша, Сүгір мен Төлегенді бөліп-жармай, дауға айналған күйлерді бір сөзбен «Сүгір мен Төлегендікі» деп атау керек.

Сүгірді көзі көрген және сол ауылдың тумасы, марқұм профессор Керімбек Сыздықов былай деп жазып кетіпті: «…Төлеген Алматыда көпшілік алдында, радио, теледидардан күй тартқанда Сүгір ақсақалды ұстазы ретінде үнемі құрметпен атап, сол кісінің күйлерін тартудан бастайтын. Алғашқы жолы «Қосбасарды» Тәттімбеттікі, «Бозінгеннің бүлкілін» Сүгірдікі деп жаздырғанының басы-қасында жүріп, солай деп жаздыруға себепші де болғанмын. Өйткені сол кездегі біздің ұғымымызда «Қосбасар» деген күйдің қанша түрі болса да ол тек Тәттімбеттің атына тән саналатын. Ал «Бозінген» күйі Ықылас пен Сүгірдің атына байланысты аталатын. Оған Төлеген де пәлен деп қарсылық танытпай, «кімнің қалай тартқанын қайдам, мен өзім оңқайтыма келген күйлерді тартқанда қиялданып, өзімше тартып кетем» деген әңгімені жиі айтатын…».

Енді Төкеңнің «Салтанат» күйінің қалай шыққанын баяндайық. 1969 жылы Төкеңнің асыл жары Пернеш қайтыс болып, Райхан, Қызжан, Дана, Гүлжан, Салтанат атты бес қызымен, Қайрат атты бір ұлымен артында қалған Төкеңе бұл қаза қатты батады. Жан күйзелісіне толы осы жылы өмірге бірінен соң бірі төрт күй келеді. Сол кезде автоклуб меңгерушісі болып жұмыс істейтін Төлеген бір күні жұмыстан шаршап үйіне келсе, Қайраты төрт жасар Салтанат деген қызын жылатып қойыпты. Сонда Салтанат біраз жыл өтсе де, өлген шешесін ұмытпай: «Апама айтам» деп жылайды. Осы сөзді құлағы шалып қалған күйші бір түрлі болып кетіп, қатты толқиды. Қызын жұбатып отырып: «Қайтемін, жаным-ау» деп қосыла жылайды. Сосын сүйеніші де, жұбанышы да болған домбырасын сабалай береді. Ертеңіне жаңа күй шығады. Күйдің атын «Салтанат» деп қояды.

Күйшінің көзі тірісінде шыққан «Салтанат» атты кітабы (құрастырған Біләл Ысқақов) та бар.

Төлегеннің бүгінде елге белгілі «Азамат», «Ана зары», «Анама», «Асу», «Бұл қалай?», «Домбыра», «Досыбай», «Ел жаңа», «Ерсұлтан», «Ескерткіш», «Жамбылға арнау», «Көмекей», «Қайдасың?», «Қанағат», «Қат-қабат», «Қоштасу», «Мешін», «Мыңжылқы», «Отырар», «Өрлеу», «Сағыныш», «Салтанат», Сарыарқа сапары», «Толғау», «Бозінгеннің бүлкілі», «Толқын», «Інілеріме» сияқты 50 шақты күйі бар. Бұлардың бәрі де өзінің тартысында таспаға жазылып алынған.

Ұлы Отан соғысының ардагері Т.Момбеков 1997 жылы қайтыс болды. Бүгінде Созақ ауданындағы «Тайқоңыр» кенішіндегі орта мектеп Төлеген Момбековтің есімімен аталады. Туған ауылында да Төлеген атындағы көше аты бар.

 

Секен Турысбеков

1985 жылы «Жігер» Республикалық байқауының лауреаты, Мәскеудегі XII жастар мен студенттер арасындағы халықаралық байқауының лауреаты. «Ақ жауын», «Балауса», «Бесік күй», «Боздақ, «Дарабоз», «Жазғы қар», «Көңіл толқыны», «Шығыс жұлдызы», «Мәлгаждар» және «Қарлығашым» атты күйлер мен әндердің авторы.

 

Сүгір Әлиұлы

Сүгір Әлиұлы 1882 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданының Кеңшар деген жерінде дүниеге келді. 1961 жылы көзін жұмды. Қаратау күй мектебінің туын тіккен. Шертпе күйінің жалғастырушысы болып саналады. "Кертолғау", "Шалқыма", "Жолаушының жолды қоңыры", "Ыңғайтөк", "Аққу", "Бес жорға" атты күйлері белгілі.

Сүгір мектебінің шәкірттері Жаппас Қаламбаев, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров, Ергентай Борсабаев сонды домбырашылар өнерін бүгінде Жанғали Жүзбай, Рүстем Күлшебаев сияқты өнерпаздар жалғастырып жүр.

 

Тілендиев Нұрғиса (1925-1998)

Тілендиев Нұрғиса Атабайұлы – атақты композитор, дирижер, домбырашы 1925 жылы сәуір айының 1-жұлдызында Алматы облысы Іле ауданының Шіліккемер ауылында дүниеге келген. Қазақстанның халық қаһарманы 1998 жылы Алматы облысының Жамбыл ауданында жерленді. 1949-50 жылдары Алматы мемлекеттік консерваториясында, ал 1950-52 жылдары Мәскеу мемлекеттік консерваториясының дирижерлік факультетінде (профессор Н.П.Аносовтың класы бойынша) оқыды. 1952-61 жылдары Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрының дирижері, 1960-64 жылдары Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің бас дирижері болып қызмет атқарды. 1968-81 жылдары «Қазақфильм» киностудиясы музыкалық редакциясының бас редакторы болып, 1981-98 жылдары өзі ұйымдастырған «Отырар сазы» фольклорлық этнографиялық ансамблінің көркемдік жағын басқарды. Еркін төгілген әсем әуен, сымбатты ырғақ, нәзік лиризм, азаматтық пафос пен динамикалық серпін – композитор шығармаларына тән қасиет. Тілендиев - «Ортеке» балет-поэмасының және «Менің Қазақстаным» кантатасының, «Достық жолымен» балетінің, «Алтын таулар» операсының, оркестрге арналған «Поэма», «Ата толғауы», «Ақсақ құлан», «Махамбет», «Көш керуен» поэмалары мен «Халық қуанышы», «Қайрат», «Жеңіс салтанаты» атты увертюралардың, 400-ден астам ән-романстардың авторы. Ол 50-ден астам драмалық спектакльге, 19 көркем фильмге («Қыз Жібек», «Қилы кезең», «Менің атым Қожа» т.б.) 17 мультфильмге («Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан» т.б.) 14 деректі хроникалық фильмге музыка жазды.

Алматы қаласында композитор есімімен көше (бұрынғы Софья Ковалевская атындағы), «Отырар сазы» фольклорлық этнографиялық ансамблі Тілендиев атымен аталады және ол тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылды.